Көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру қызметі қолжетімді болмақ

Қаратау ауданына қарасты «Достық» шағынауданында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне өңір басшысы Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

Мұнда көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру қызметтері қолжетімді болмақ. Мамандандырылған ХҚКО-дағы теориялық және тәжірибелік емтихандарды тапсыру процестерін автоматтандыру адами факторларды толықтай жойып, оны барынша айқын етуге мүмкіндік береді.

Оның үстіне мамандандырылған ХҚКО-лар азаматтардың уақытын үнемдеуге өте қолайлы. Еске салар болсақ, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап, автокөлікті электрондық кезек талонын алған сәттен бастап бір сағат ішінде тіркеуге болады. Ал, жүргізуші куәлігін алуға теориялық және тәжірибелік емтиханды тапсыру уақытын қоса алғанда орта есеппен 2 сағаттай уақыт кетеді.

Жаңа мамандандырылған ХҚКО-да А, А1, В, В1, С, С1, D, D1 категориялары үшін тәжірибелік емтиханды тапсыруға 3 жеңіл автокөлік, жүк көлігі, 2 автобус және 2 мотоцикл бөлінген. Сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО ғимаратында жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге болады.